Қолдағы, аяқтағы экземаны емдеу

Экзема — дененің түрлі бөліктерінің дерманың қабыну салдарынан қышуы. Экземаның нақты пайда болу себебі әлі күнге дейін белгісіз, дегенмен бұл ауру аутоиммундық қызметі бұзылған, иммунитет жүйесі әлсіреген, қалқанша безі, бүйрек ауруларына шалдыққан адамдарда, сондай-ақ жүйке жүйесі бұзылған адамдарда жиі кездесетіні анықталды.
Экземаға бейімділік те маңызды рөл атқарады. Экземаның ең көп таралған денедегі орны – қол мен аяқ.
Экзема әртүрлі факторлардың кешенді әсерінен дамиды. Барлық себептер екі топқа бөлінеді:
- Экзогенді (сыртқы). Аллергенмен немесе тері тосқауылын бұзатын жебір заттармен (тұрмыстық химия, зиянды өндіріс, фармакологиялық препарат) жиі және ұзақ уақыт бойы беттесу, физикалық әсер (мысалы, суықтың әсері), фармакологиялық препараттар, тамақ өнімдері, инфекциялық агенттер және басқалары.
- Эндогенді (ішкі). Бұл созылмалы инфекция ошақтарындағы микроорганизмдер метаболизмінің өнімдері.
Иммунитетті реттеу жүйесінің бұзылуына қатысты тұқым қуалаушылықтың маңызы зор. Егер ата-анасының біреуі осы аурумен ауырса (әсіресе анасы), балада ол ауру 40% ықтималдықпен дамуы мүмкін. Егер ата-анасының екеуінде де экзема болса, бұл көрсеткіш 60% дейін жетеді1.
Асқазан-ішек жолдарының жұмысын, әсіресе бауырдың, ферменттік жүйелердің қызметін бұзады, ішек қозғалғыштығын төмендетеді, ас қорытуда, сіңіруде рөл атқарады.
Патогенездің бірнеше теориялары алға тартылды, олардың ішінде негізгі екеуі — неврогендік және аллергиялық. Біріншісі бойынша – экземалық реакцияның негізін терідегі, атап айтқанда, оның нервтері мен рецепторларындағы функционалдық өзгерістер құрайды. Айталық, экземаға шалдыққан адамдарда терінің тітіркендіргіштерге қарсы реакциясы тек зардап шеккен учаскелерде ғана емес, сонымен қатар сау жерлерде де өзгереді. Орталық жүйке жүйесіндегі өзгерістердің маңызы зор, ауру күшті эмоциялардың, күйзелістің әсерінен дамуы мүмкін2.
Аллергиялық теория негізгі болып саналады. Оған сүйенсек, экзема белгілі бір адамның терісінің белгілі бір (сирек жағдайда бірнеше) тітіркендіргішке қатысты сезімталдығының жоғарылауынан дамиды — бұл сенсибилизация деп аталады. Теория жанаспалы экземаны жақсы түсіндіреді, бірақ тітіркендіргіш агент әсерінен байланыссыз пайда болуы мүмкін деген теорияға қатысты даулы пікірлер тудырады3.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, экзема екіншілік сипатта болуы мүмкін, яғни дерматит сияқты тері аурулары салдарынан дамиды4.
Ауру кеңінен таралған қызару, бөрту белгілері арқылы көрінеді, қышу, удай ашу, терінің қабыршақтануы, зақымдалған жерлердің ауырсынуы сияқты белгілер түрінде сезіледі. Экземаның бірнеше түрі бар, олар қол немесе аяқ терісі қабынған кезде жиі кездеседі1,5:
- Шынайы түрі — әрдайым жіті сипатта басталып, симметриялы бөртпе және ісінумен бірге жүреді, үлпершектер жарылып кетеді. Олардың орнында дымқыл нүкте тәрізді эрозиялар пайда болып, уақыт өте келе құрғайды. Көбінесе бұл экзема аяқта, қолда, бетте пайда болады.
- Микробтық экзема — терінің саңырауқұлақ инфекцияларынан екіншілік сипатта зақымдануы кезінде пайда болады. Бөртпелер терінің ісінуі, ылғал тартуы және көгеруі (монета тәрізді экзема) секілді дөңгелек ошақтарға ұқсайды.
- Кәсіби экзема — тітіркендіргіш химиялық заттармен жанасудан туындаған дерматит орнында пайда болады. Ауру тітіркендіргіш жойылған кезде де тоқтамайды.
Экземаның қолға және аяққа орналасуы келесі түрлері үшін тән:
- Дисгидрозды экзема — стрестің жоғарылауынан, тершеңдіктен, табиғи немесе химиялық жаратылысы бар аллергендерден туындауы мүмкін. Ол қышитын үлпершектер, саусақтардың және башпайлардың жандарында, алақанда, табанда орналасатын түйреуіштің басы тәрізді тығыз қалпақшасы бар үлпершектер түрінде көрініс береді. Олар жарылғаннан кейін дымқыл, іші сарысуға толы қатпарлы, жарылған, қабыршақтанған қабығы бар эрозия түзіледі.
- Мүйізгек (тилоздық) экзема — созылмалы түрде жүреді. Алақан мен табан аймағындағы терінің мүйізгек қабаты қалыңдап, ауырсыну сезімін тудыратын терең жарықтардың пайда болуы тән.
- Монета тәрізді немесе нумуляр — бұл көбіне қолда және аяқта, кейде денеде кездесетін шекарасы айқын дөңгелек бөртпелермен сипатталатын микробтық экземаның қосалқы түрі. Монета тәрізді түйіндер ұсақ папулалардан тұрады, қабығы қабыршақтанады.
Экземаның барлық түрлері терінің қатты тітіркенуімен және қышуымен бірге жүреді, адам зақымдалған жерлерді үнемі тырнағысы келеді. Қол мен аяқтағы бөртпе әсіресе қатты қышиды, бұл науқастың мазасын кетіреді1, 5.
Экземалық процесті күшейтуі немесе нашарлатуы мүмкін жағдайларға келесілер жатады:
- отбасы мүшелерінде экземаның болуы;
- аллергия, соның ішінде есекжем, бронх демікпесі, поллиноз;
- қалқанша безінің, гипофиздің, бүйрек үсті безінің және нейроэндокринді жүйенің басқа мүшелерінің аурулары;
- В дәрумендерінің, әсіресе пиридоксиннің (В6), әртүрлі микроэлементтердің тапшылығы;
- иммунитеттің патологиясы;
- ішек микробиомының бұзылуы, ішек құртының аурулары;
- бүйрек аурулары;
- стресс, артық жүктеме, ұйқысыздық.
Басқа созылмалы дерматоздар сияқты, үнемі тырнай беру салдарынан экзема жиі екіншілік сипаттағы инфекцияға қосылып, жағдай қиындайды. Көбінесе бета-гемолиздік стрептококк пен алтын түстес стафилококтан туындайтын бактериялық инфекция қосылады. Сондай-ақ саңырауқұлақ инфекциясы да жұғуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда пациенттерде қышыну күшейіп, зардап шеккен аймақ дымқыл тартып, ауырсыну пайда болады. Интоксикацияның ықтимал көріністерінің ішінде адамның өзін нашар сезінуі, дене қызуының жоғарылауы және бас ауруы сияқты жалпы симптомдары пайда болуы мүмкін6,7.
Экземаның жанама асқынуына психологиялық проблемалар жатады. Аурудың өзі психика үшін айтарлықтай жарақаттайтын фактор болып саналады. Үнемі қышынуы, қол мен аяқ терісінің қабыршақтануы, эстетикалық кемшіліктер неврозға әкелуі мүмкін. Оның симптомдары — ұйқысыздық, ашуланшақтық, жылауықтық, өзінің бағасын түсіру, көңілсіздік10.
Экземаны емдеу үшін тыныштандыратын/седативті препараттар тағайындалады. Аллергиялық құрамды бөлікті жою үшін антигистаминдік құралдар тағайындалуы тиіс. Аралас терапия жақсы нәтиже береді11.
Экземаның сыртқы көріністерін жеңілдету үшін терінің зақымдалған учаскелеріне крем қолдану қажет: эмоленттер (ылғалдандыратын кремдер) және қабыну мен қышуды басатын гормондық кремдер мен майлар.
Ауыр түрде асқынған, кеңінен таралып зақымдалған және жергілікті терапияның әсері болмаған жағдайда дәрігер жүйелі қолданылатын препараттарды тағайындай алады.
Емдеуші дәрігердің ұсынымдарын орындау экземаның асқынуын еңсеріп, ремиссия кезеңін ұзартуға көмектеседі. Аурудың бастапқы кезеңінде сыртқа қолдануға арналған құралдар жеткілікті болуы мүмкін. Сондай-ақ қол мен аяқ гигиенасы ережелерін сақтау, жылы сумен ванналар жасау және тек гипоаллергенді жуғыш заттарды қолдану қажет.
-
«Ресей дерматовенерологтары мен косметологтары қоғамы» бүкілресейлік қоғамдық ұйымы. Экзема бойынша клиникалық ұсынымдар, 2020.
-
Мэшфорд М.А., Фишер Г., Маркс Р. «Дерматология». Анықтамалық. — М: Литера. 2005. - 480 б.
-
Скрипкин Ю.К. Клиникалық дерматовенерология: оқу құралы /К.Скрипкин, Ю.С.Бутусов. // М: ГЭОТАР — Meдиa, 2009, II:8: 212-33.
-
Робин Грэхэм-Браун, Джокки Бурк, Тим Канлифф. Практикалық дерматология — Медпресс-информ, 2011. — 360 б.
-
Краснова О.В. Экзема. Этиология, патогенез, клиника, диагностика және емдеу. URSS. 2018.
-
Диковицкая Н.Г. Созылмалы дерматоз кезіндегі терінің екіншілік инфекцияларының терапиясы // «ТИІМДІ ФАРМАКОТЕРАПИЯ. Дерматология» №2
-
Невозинская З.А., Сакания Л.Р., Корсунская И.М. Терінің екіншілік инфекциялары. Клиникалық дерматология және венерология. 2022; 21(4): 532-536.
-
Никонова И. В. Микробтық экзема кезіндегі тері биоценозының жағдайы //Практикалық медицина, 2011. — 80-83 б.
-
Мазанкова Л. Н., Корсунская И. М. Балалардағы Капоши герпес тәрізді экземасы (тәжірибеден алынған жағдай)// РФ ДСМ РМКБА балалар дерматовенерологиясы курсын жүргізетін балалар инфекциялық аурулары кафедрасы, №7 Тушино балалар ауруханасы, Мәскеу.
-
Терентьев С. Ю., Ермошина Н. П., Экзема мен псориазға шалдыққан науқастардың психологиялық ерекшеліктері// © Авторлар ұжымы, 2009. ӘОЖ 616.517+616.521]-05:159.
-
Тері ауруларының дифференциалдық диагностикасы, ред. А. А. Студницина, М., 1983.