SINGLE
Қышу – адамның өз денесін тырнап тастауына алып келетін атопиялық дерматиттің (экземаның) айқын көрінісі [1]. Қышу – бұл қолайсыздықтың белгісі, ал қышып тұрған жерді қасып тастау – адамды тітіркендіргішті механикалық түрде «алып тастауға» итермелейтін жағымсыз жағдайдың бастапқы көзін жоюға бағытталған дененің қорғаныс реакциясы [1, 2]. Терінің өздігінен зақымдалуы, қасылуы және жырылуы атопиялық дерматит кезіндегі басталған қабынуды күшейтеді, адам одан бетер қышына бастайды [1].
Қышынудың баланың өміріне әсері қандай?
Атопиялық дерматит кезінд қышуы >90% жағдайда созылмалы сипатта жүреді [3] және өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді. Күндіз-түні мазалайды, ұйықтауға кедергі келтіреді, өмірдің әртүрлі жақтарына, соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан теріс әсері болады. Бұл әсер әсіресе балаларға, олардың құрбы-құрдастарымен арадағы қарым-қатынасына, оқумен, ойынмен, спортпен айналысуына залалын келтіреді.
Егер бала қышына берсе, басқа балалар оны «жұқпалы» деп қабылдап, бойларын аулақ салады, бұл баланы психологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін. Қышыну баланың жүйкесін жұқартып, ұйқысы қанбағандықтан шаршауға әкеледі және зейіні мен оқу үлгерімін төмендетеді. Қышыну тіпті тітіркендірмейтін киім таңдауды «талап етеді». Қышыну отбасындағы қарым-қатынасты шиеленістіреді, өйткені терісін үнемі қаси беретін бала еріксіз түрде бәрін мазалап, уайымға салады. Сонымен қатар тұйық шеңбер пайда болады: қышыну стреске әкелсе, стресс қышынуды күшейтеді [4-6]!
Бұл жағымсыз циклды қалай бұзуға болады? Ол үшін ең алдымен «Қышыну себебі неде және не кінәлі?» деген сұраққажауап іздеу қажет.
Қышыну қалай пайда болады?
Ғалымдар қышудың пайда болуына сыртқы немесе ішкі жағымсыз факторлардың әсеріне жауап ретінде пайда болатын арнайы заттар «кінәлі» екенін анықтады. Бұл заттар қабынудың, қызарудың, ісінудің және соңында қышудың пайда болуына ықпал етеді. Қышынуды туындататын ең көп зерттелген заттардың бірі – гистамин. Сондықтан қышынған кезде дәрігерлер антигистаминдерді – гистаминнің әсерін тежейтін дәрілерді жиі тағайындайтыны қисынды [1].
Дегенмен атопиялық дерматиттің даму механизмі оңай емес! Симптомдардың дамуына гистаминнен басқа бірқатар басқа агенттер қатысады. Сондықтан антигистаминдік препараттар әрдайым көмектесе бермейді және терапияның жалғыз құралы емес [1].
Қышынумен қалай күресуге болады?
Медицина ғалымдары ауыз арқылы қабылданатын антигистаминдік препараттардан басқа, қышуды емдеуде сыртқы, тікелей теріге қолданылатын дәрілерге көңіл бөлу керек екенін дәлелдеді. Өйткені атопиялық дерматиттің салдары болып табылатын терідегі құрғақтық пен табиғи қорғаныс механизмдерінің бұзылуы да қышудың пайда болу факторлары болып табылады [1].
Ылғалдандыратын және жұмсартатын кремдер мен жақпамайлар құрғақтық пен тітіркенуді жеңуге көмектеседі, терінің қорғаныс (тосқауылдық) қасиеттерін арттырады, терінің құрылымдық май компоненттерін (липидтер) қалпына келтіреді, сұйықтықтың жоғалуына жол бермейді [7]. Мұндай препараттарды эмоленттер деп те атайды. Эмоленттер атопиялық дерматиттің кез келген сатысында көмек көрсету стандарттарына енгізілген және тұрақты, күнделікті негізде қолданылуға тиісті негізгі терапия болып табылады [8].
Терапияның тағы бір маңызды компоненті –жергілікті қабынуға қарсы препараттар. Оларға гормондық (стероидты, глюкокортикостероидты) кремдер, жақпамайлар жатады. Олар аурудың өршуі кезінде қолданылады және терапияның «алтын стандарты» болып саналады. Гормондық жақпамайлар мен кремдер қышыну сияқты белгілермен күресіп қана қоймайды, сонымен қатар аурудың өзін емдейді, оның ауырлық сипатын төмендетеді және болашақта өршу қаупін азайтады [9-11].
Қазіргі заманғы сыртқы стероидтық құралдар іс жүзінде қанға сіңбейді және жанама әсерлері тым аз, сондықтан оларды балаларға қолдануға болады [10].
Алайда кез-келген емді осы бағыттағы дәрігер тағайындап, бақылауда ұстауы керек екенін ұмытпаған жөн. Өз бетіңізбен емделу денсаулығыңыз үшін зиянды болуы мүмкін.