SINGLE Комфодерм
БАР-ЖОҒЫН ҚАРАП ШЫҒУ
Орысша Қазақша
Тері туралы блог
< Артқа
Балалардағы атопиялық дерматит: аналарға арналған кеңестер
23.09.2024

Ана – балалардың денсаулығына жауапты нағыз қаһарман. 

Атопиялық дерматитпен ауыратын баланың анасы болу оңай емес, бірақ тиісті білімнің көмегімен аурудың симптомдарын жеңілдетуге және асқынудың алдын алуға болады.

Аналар баласында атопиялық дерматиттің бар-жоқтығын қалай анықтай алады? Сіздің сәбиіңіздің терісінде қызару мен тітіркену белгілері пайда болады, үстін қаси бастайды. Қышынып, ұйықтай алмайды, үстін қасып тастайтындықтан, денесі одан бетер бөртіп, қабынады. 

Не істеуге болады? Не істеу керек? Осындай сәбилердің аналарына қандай негізгі практикалық ұсынымдар берілетініне тоқталайық. 

Атопиялық дерматит өте кішкентай балаларда да, үлкендеу балаларда да, тіпті жасөспірімдерде де кездеседі1.

Баланың жасы нешеде болғанына қарамастан, атопиялық дерматиттің негізгі симптомдарына терінің қышуы және терінің қызаруы жатады. Бірақ әр жастағы балаларда әртүрлі дене бөліктері бөртуі мүмкін – басқа дерматит түрлерімен салыстырғанда атопиялық дерматиттің айырмашылығы осында: бөртпелер күшейе береді 1,2. Кішкентай балалардың әдетте алдымен бетінен басталады, беттері қызарады, оны бұрын «диатез» деп атайтын.

Нәрестелерде бөртпелер қол мен аяқтың бүгілетін бетінде пайда болады. Одан үлкенірек балаларда аяқ-қолдарының бүгілу аймақтарында кездеседі, қайта-қайта қаси бергендіктен, терінің сол жерлері қалыңдайды, кейде тіпті қаралтым түске енеді. 

Егер балаңызда атопиялық дерматит симптомдары бар деп күдіктенсеңіз, дұрыс диагноз қою және ем таңдау үшін міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Педиатрға, аллергологқа немесе дерматологқа жүгінуге болады. Білікті маман аурудың ауырлық сипатын, жіті белгілерін дұрыс бағалай алады және сіздің балаңыз үшін тиімді ем таңдай алады.  

Атопиялық дерматит созылмалы сипатта қайталануы мүмкін болғандықтан, ауру ұзаққа созылады, ауру біресе өршіп, біресе тыншиды, сондықтан оны емдеудің негізгі бағыттарына назар аударыңыз:   

— балада асқынудың өршуіне ықпал ететін факторларды азайтуға тырысыңыз;

— күн сайын баланың терісіне дұрыс күтім жасаңыз; 

— егер ауру өршіп кетсе, терінің қышуы қатерлі болатынын ұмытпаңыз.   

терінің қышуы —атопиялық дерматиттің негізгі симптомдарының бірі, ол баланың және бүкіл отбасының өмір сүру сапасын едәуір нашарлатады.

Терінің қышуының алғашқы проблемасы —ұйқының нашарлауы3.  Бала ұйықтап кете алмайды, кейде балалар түнгі ұйқының төрттен бірін денесін тырнаумен өткізеді.  Бұл ұзақ уақытқа созылғанда баланың ұйқысы мүлдем қанбайды, бұл оның бойының өсуіне және ақыл-ойының дамуына әсер етуі мүмкін, тәбеті жоғалуы мүмкін, нәресте есіней береді және жылай береді.

Терінің қышуының екінші проблемасы –терінің инфекцияны қайта жұқтыруы4. Тырналған тері жараланып, инфекция жараға еніп, одан әрі қабынуға ұшырайды.

Есіңізде болсын, терінің тырналуы қышуды одан бетер күшейтеді – осылайша жалғаса береді. Сондықтан атопиялық дерматитті емдеудегі №1 міндет – терінің қышуын басу және тырнауды азайту.

Көбінесе атопиялық дерматиттің өршуіне келесі жағдайлар ықпал етеді1:

  • жыл мезгілінің өзгеруі: салқын мезгілде атопиялық дерматит жазға қарағанда жиі асқынады. Өйткені атопиктердің терісі суыққа және құрғақ ауаға төзімсіз, тым нәзік. Сондықтан қыста баланың терісі ерекше күтімді қажет етеді: оны көшедегі салқын ауадан қорғап қана қоймай, сонымен қатар пәтердегі ауаның оңтайлы ылғалдылығын сақтау керек, өйткені жылыту маусымына байланысты бөлмедегі ауа құрғап кетеді, бұл атопиялық дерматитке бейім тері үшін зиянды;
  • аллергендер (тамақ, шаң), тітіркендіргіш заттар (мысалы, нәресте үшін дұрыс таңдалмаған шомылдыру құралдары), психикалық-эмоциялық стресс/жүктеме сияқты қоздырғыш факторлар аурудың өршуіне әкелуі мүмкін.

Балаңызда атопиялық дерматиттің ремиссиясына қол жеткізу үшін осы факторлардың әсерін азайтуға тырысыңыз 1:

1. Баланың рационынан сіздің балаңызға жақпайтын, аурудың өршуіне әкелуі ықтимал аллергендерді алып тастаңыз;

2. Үйіңізге ревизия жасаңыз және шаң кенелері сияқты шаң аллергендері жиналуы мүмкін келесі заттардан арылыңыз:

  • кілемдер;
  • қауырсын/ мамық жастықтар мен көрпелер. Оларды жасанды толтырғышы бар басқа модельдерге ауыстыруға болады. Сонымен қатар төсек-орынның өзі ылғалды жақсы сіңіретін және терінің тыныс алуына мүмкіндік беретін табиғи материалдардан (мақта, зығыр) тігілген болуы тиіс. Төсек-төсеніштерді апта сайын кем дегенде 55 градус температурада жуыңыз;
  • терезелердегі ауыр тоқыма перделердің орнына шілтер іліңіз;
  • атопиялық дерті бар балаға шаң жинайтын және шаң кенелері орналасып алатын жұмсақ ойыншықтарды алмаңыз;
  • бөлмелерді жиі дымқылдап тазалаңыз және желдетіп тұрыңыз.

3. Баланың гардеробынан синтетикалық материал мен жүннен жасалған заттарды шығарып тастаңыз: олар тітіркендіруі мүмкін;

4. Баланың терісіне дұрыс күтім жасауды үйреніңіз 5,6

  • барлық теріні тазартатын және шомылатын өнімдер гипоаллергенді және жасанды бояғыштар мен жұпарлағыштар қосылмаған болуы тиіс, рН <7 төмен екеніне көз жеткізіңіз.
  • баланың терісін арнайы емдік-косметикалық құралдармен-эмоленттермен күнделікті ылғалдандырып отырыңыз. Өйткені атопиялық дерматитпен ауыратын науқастардың терісі әрдайым шамадан тыс құрғақтықтан, әртүрлі аллергендерден зардап шегеді, ал құрғақ тері қорғану қасиеттерін жоғалтады, жеңіл жараланады. 

Эмоленттерді күніне кемінде 3-4 рет қолданыңыз және суға шомылған сайын міндетті түрде қолданыңыз (тері сәл дымқыл болған кезде кремдер мен майлардың белсенді ингредиенттері жақсы сіңеді). Клиникалық әсерге қол жеткізу үшін жұмсартатын дәрілердің жеткілікті мөлшерін пайдаланыңыз: терісі жалпы зақымданған балада — аптасына 250 грамм7.

Қанша күш салғаныңызбен, баладағы асқыну әлі де басылмай тұрса — тиімді емдеу тәсілін таңдай алатын дәрігерден кеңес алуды ұмытпаңыз. Көбінесе дәрігер қабыну мен терінің қышуын азайтуға көмектесетін гормондық жақпамайлар мен кремдер түріндегі сыртқы терапиямен қатар антигистаминдік препараттарды тағайындайды.

Оларды қалай дұрыс қолдану керектігін үйреніп алыңыз. Бұл туралы біздің «Гормондық жақпамайлар: қалай дұрыс қолдану керек» мақаламызбен танысыңыз.

  1. Балалардағы атопиялық дерматит, ҚР ДСМ клиникалық хаттамалары, 2021 жыл 03 маусым, №139 хаттама
  2. Е.В. Соколовский, Е.А. Аравийская, А.В. Самцов, Атопиялық дерматит: еуропалық және америкалық жаңаша ұсынымдар, Тиімді фармакотерапия. 9/2015
  3. Белоусова Т.А. Аллергодерматоздар – қазіргі өркениетке тән аурулар. РМЖ. 2003;27:1538  5. Аллергиялық контактілі дерматит, ҚР ДСМ емдеу хаттамасы, 2019 жыл
  4. Dan L. Longo, Dennis L. Kasper, J. Larry Jameson, Anthony S. Fauci, Harrison’s principles of internal medicine (18th ed.). New York: McGraw-Hill Medical Publishing Division
  5.  Eichenfield L. F. et al. Guidelines of care for the management of atopic dermatitis: section 2. Management and treatment of atopic dermatitis with topical therapies //Journal of the American Academy of Dermatology. – 2014. – Т. 71. – №. 1. – С. 116-132.
  6. Ресей балалар аллергологтары мен иммунологтарының қауымдастығы. Атопиялық дерматит терапиясының заманауи стратегиясы: педиатрдың іс-қимыл бағдарламасы. – М.: 2014.
  7. Атопиялық дерматитті диагностикалау және емдеу жөніндегі федералдық клиникалық ұсынымдар, Ресей аллергологтар мен клиникалық иммунологтар қауымдастығы – М.: 2013.