SINGLE Комфодерм
БАР-ЖОҒЫН ҚАРАП ШЫҒУ
Орысша Қазақша
Тері туралы блог
< Артқа
Атопиялық дерматит жиі асқынғанда: не істеу керек?
23.09.2024

Өзіңіздегі немесе балаңыздағы дерматиттің асқынуын әрең еңсеріп, тері тазарып, әбден әбігерге салған қышыма кеткен сияқты еді, енді ғана өмір жақсара бастады дегенде жанды қинайтын симптомдар қайтадан пайда бола бастайды. Сізге де таныс жағдай ма? Ауруды енді қайта оралмастай етіп жоюға бола ма? 

Атопиялық дерматит – өте жиі кездесетін мәселе. Адамның жасы ұлғайған сайын ол бәсеңдегендей болады, кейде үлкейген кезде де артыңнан қалмайды. Бұл жағдайдың ар жағында созылмалы қабыну жатыр, ол белгілі бір жиілікпен өршіп отыруы мүмкін [1].

Атопиялық дерматит қалай пайда болады?

Бұл мәселенің түпкі тамыры отбасылық генетикадан бастау алады. Әдетте, атопиялық дерматитке ғана емес, демікпе, аллергиялық ринит, аллергиялық конъюнктивит, тамақ аллергиясы сияқты басқа аллергиялық ауруларға да тұқым қуалайтын бейімділік байқалуы мүмкін [1].

Дені сау адамның терісі қорғаныс қызметін атқарады. Ол иммундық жүйенің бір бөлігі болып саналады. Тері бөгде агенттердің кіруіне тосқауыл қояды, тітіркенуден және сыртқы жағымсыз  факторлардан қорғайды. Белгілі бір компоненттерінің арқасында тері ылғалды ұстап тұрады, жұмсақтық пен серпімділігін сақтайды. Атопиялық дерматит кезінде терінің тосқауыл функциясы бұзылады, ылғалды жоғалтады, қабыну пайда болады. Бұл қышу, бөрту, қызару, құрғау сияқты симптомдардың, аурудың сыртқы белгілерінің пайда болуына әкеледі [1, 2].

Өршу себебі неде?

Өршу – бұл аурудың өте ауыр жүруі, симптомдардың қайта басталуы немесе күшеюі. Өршудің әртүрлі дәрежелері болуы мүмкін: жеңілден ауырға дейін. Мұндай нашарлауға ішкі және сыртқы факторлардың алуан түрлілігі себеп болуы мүмкін [3]. Ішкі факторларға мыналар жатады [3]:

  • тері микрофлорасы құрамының өзгеруі (әдетте тері бетінде «өмір сүретін» бактериялар мен саңырауқұлақтар);
  • ішкі гормондық қозғалыстар;
  • стресс;
  • терінің тосқауылдық функциясының бұзылуы.

Сыртқы факторларға келесілер жатады [3]:

  • тозаң немесе тамақ аллергендерінің әсері;
  • ыстық ылғалды немесе суық құрғақ климат;
  • күн сәулелері;
  • тершеңдік (соның ішінде дене жаттығулары кезінде);
  • денені тітіркендіретін киім (мысалы, жүннен тоқылған немесе синтетикалық).

Не істеу керек?

Ең алдымен, ауруды бақылауға алу қажет. Өршудің ауырлығына қарамастан, ылғалдандырғыш және жұмсартқыш құралдарды қолдану қажет. Оларды көп мөлшерде, күніне кемінде 3-4 рет және шомылған сайын қолданып отыру керек. Бұл құралдар терінің тосқауыл қызметін қалпына келтіруге көмектеседі, терінің қорғаныс компоненттері тапшылығының орнын толтырады, сусыздануға жол бермейді [3, 4]. 

Өршудің алғашқы белгілері кезінде дәрігер сіздің балаңызға қабынуды жеңілдету үшін сыртқы (терінің бетіне қолданылатын, жергілікті) құралдарды тағайындайды. Бұлар әдетте гормондық (немесе стероидты) жақпамайлар болып табылады. Гормондық препараттарды қолданудан қорықпаңыз, олар өте тиімді және мейлінше қауіпсіз. Керісінше, емдеудің тұрақсыздығы немесе дәрігердің ұсынымдарынан бас тарту аурудың өршуіне және болжамның одан әрі нашарлауына әкелуі мүмкін [3, 4].

Өкінішке қарай, кей жағдайларда сыртқы терапия жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонда қабынуға қарсы препараттарды ішке қабылдау қажет болуы мүмкін. Сыртқы жақпамайлармен немесе кремдермен емдеу неғұрлым тиімді болса, ауыр терапияға көшу ықтималдығы соғұрлым азаятыны есіңізде болсын [3, 4].

Асқынудың алдын алуға бола ма?

Ылғалдандырғыш құралдарды (эмоленттерді) күнделікті қолдану қарапайым және тиімді алдын алу тәсілі болып табылады. Аллергендермен беттеспеу үшін өмір салтын өзгерту де асқынудың алдын алуға көмектеседі. Осы мақсатта [1, 4]:

  • киімді, жұмсақ ойыншықтарды, төсек-орынды, көрпе-жастықтарды үнемі жуып тұрыңыз;
  • үй-жайларға үнемі дымқылдап тазалау жұмыстарын жүргізіп, желдетіңіз;
  • мүмкіндігінше, кілемдерді, жұмсақ жиһаздарды былғары немесе винил жиһазға, мамық немесе қауырсын жастықтар мен көрпелерді синтетикаға ауыстырыңыз;
  • жиі шомылыңыз;
  • өзіне зиян келтірмеуі үшін баланың тырнағын алып тұрыңыз;
  • мүмкіндігінше, жануарларды қолмен ұстамауға тырысыңыз (әсіресе аллергияңыз расталған жағдайда).

Қабынуға қарсы құралдарды профилактикалық мақсатта қолдану және таңдау қажеттілігін дәрігеріңіз ғана анықтай алады [3,5]. Жақсы нәтиже алу үшін дәрігердің кеңестерін мұқият орындаңыз және өзіңізді емдеуден аулақ болыңыз.

  1. Намазова-Баранова Л.С., Баранов А.А., Кубанова А.А., Ильина Н.И., Курбачёва О.М., Вишнёва Е.А., Новик Г.А., Петровский Ф.И., Макарова С.Г., Мурашкин Н.Н., Алексеева А.А., Селимзянова Л.Р., Левина Ю.Г., Эфендиева К.Е., Вознесенская Н.И. Балалардағы атопиялық дерматит: диагностика және терапия жөніндегі заманауи клиникалық ұсынымдар. Қазіргі педиатрия мәселелері. 2016; 15 (3):279-294. doi: 10.15690/vsp.v15i3.1566.
  2. Балаболкин И.И., Булгакова В.А., Елисеева Т.И. Балалардағы атопиялық дерматит: патогенез бен терапияның иммунологиялық аспектілері. Педиатрия. 2017; 96 (2):128–135.
  3. Girolomoni G, Busà VM. Flare management in atopic dermatitis: from definition to treatment. Ther Adv Chronic Dis. 2022 Jan 13;13:20406223211066728. doi: 10.1177/20406223211066728. PMID: 35070252; PMCID: PMC8771745.
  4. Атопиялық дерматит. РФ ДСМ клиникалық ұсынымдары, 2021. https://cr.minzdrav.gov.ru/recomend/265_2
  5. Силина Л.В., Хардикова С.А., Колбина М.С., Корюкина Е.Б., Кащеева Я.В. Атопиялық дерматиттің ұзақ мерзімді терапиясы. Клиникалық дерматология және венерология. 2017; 16(6): 96‑99.